Екібастұз ауылында мотоцикл жүргізушілеріне жаппай тексеру жүргізілді
Рейд барысында мотоциклдерді тіркеу мен қауіпсіздік ережелері бақылауға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кеншілер шаһарына қарасты Бесқауға ауылында полиция қызметкерлері «Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында мотоцикл құжаттарын тексеруге бағытталған ауқымды профилактикалық рейд өткізді. Тәртіп сақшыларының басты мақсаты – екі доңғалақты көлік жүргізушілері арасында тәртіп орнатып, ауыл жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының санын азайту.
— Мұндай рейдтер ауданда тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Біздің мақсатымыз – тек айыппұл салу емес, жолдағы апаттардың алдын алу және ауыл тұрғындарын көлік жүргізуге байыппен әрі жауапкершілікпен қарауға шақыру, — деп түсіндірді Екібастұз қалалық полиция басқармасы әкімшілік полициясының бастығының орынбасары Ермат Айтмағанбетов.
Тексеру барысында инспекторлар техникалық паспорттарды мұқият қарап, мотоциклдердің заңды түрде қайта жабдықталғанын және жүргізушілерде тиісті санаттағы жүргізуші куәлігінің бар-жоғын назарға алды. Ауыл жолдарының ерекшелігіне байланысты мотоцикл жүргізушілері көбіне шлем тағуды және көлікті уақытылы тіркеуді естен шығарып жатады.
Бұл жолы полицейлер тек құжаттарды тексеріп қана қоймай, түсіндіру жұмыстарын да жүргізді. Көлік иелеріне қауіпсіздік ережелерін сақтау және техниканы міндетті түрде есепке қою қажеттігін еске салды.