Екібастұз медициналық колледжі нұсқаманы орындамағаны үшін айыппұл төлейді
Бұзушылықтарды жоймағаны үшін колледж әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті Екібастұз медициналық колледжіне бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарды. Мекемені мемлекеттік кәсіпорындардың жүзеге асырылатын қызмет түрлерін құру, кеңейту және өзгерту кезінде монополияға қарсы органның келісімін алу, сондай-ақ монополияға қарсы органның келісімі алынған қызмет түрлерін ғана жүзеге асыруға қатысты тексерген болатын.
Колледж мемлекеттік кәсіпорын қызметінің бейіні бойынша дарынды оқушыларды анықтау және қолдау және оларға жеңілдіктер беру, әдістемелік, ғылыми-әдістемелік, сондай-ақ шығармашылық жұмыстар мен зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу, оқу-тәрбие процесіне озық педагогикалық тәжірибені зерделеу және енгізу, жарнама және баспа қызметін ұйымдастыру және тағы да басқа қызметтерді рұқсатсыз енгізген.
Колледж аталған қызмет түрлерін кеңейтуге не болмаса өзгерту бойынша келісім беру, не оларды жарғыдан алып тастау туралы өтініш хатпен монополияға қарсы органға жүгіну керек болатын. Алайда білім беру ордасы департаментке өтініш хатпен жүгінбеген.
Нұсқаманы орындамау фактісі бойынша департамент колледжге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 162-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады. ҚР ӘҚБтК-нің 811-бабына сәйкес Колледж 50% көлемінде айыппұл төлеп, 172,5 мың теңгені құрады.