Екібастұз тұрғындары балалар алаңын жөндеуді сұрады

Екібастұз тұрғындары балалар алаңын жөндеуді сұрады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Барлық өтініштер бойынша депутат тиісті органдарға сұрау жолдап, жеке бақылауына алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық мәслихат баспасөз қызметінің мәліметінше, №9 сайлау округі бойынша депутат Арман Иманқұлов Әуезов көшесі, 81 және 81А мекенжайындағы тұрғындармен көшпелі кездесу өткізді. Кездесуге Екібастұз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілі де қатысты.

– Тұрғындар тарапынан көтерілген негізгі мәселе – ауланы абаттандыру болды. Атап айтқанда, балалар ойын алаңын жөндеу және футбол алаңындағы қоршау торын ауыстыру қажеттілігі айтылды. Олар бұл мәселе бойынша бұған дейін де бірнеше рет жүгінгендерін жеткізді. ТҮКШ бөлімінің өкілі қазіргі жөндеу жұмыстары аясында балалар алаңындағы зақымданған құрылымдарды қалпына келтіру жоспарланғанын, ал футбол алаңындағы торды ауыстыру болашақ жоспарларды қалыптастыру кезінде қарастырылатынын хабарлады, – делінген хабарламада.

Сол күні депутат Сәтбаев көшесі, 28/1 мекенжайындағы тұрғындармен де кездесті. Кездесу барысында тұрғындар №23 орта мектепке апаратын жолдың сапасына шағымданып, жауынды күндері жолмен жүрудің қиындығын атап өтті. Сонымен қатар, қоқыс контейнерлерін балалар алаңынан алысырақ жерге көшіру және қазіргі уақытта тек жолды жарықтандырып тұрған шамдарды аула мен ойын алаңына бағыттау туралы өтініштер білдірілді.

ТҮКШ бөлімінің өкілі әлеуметтік маңызы бар нысандарға апаратын жолдарды асфальттау бағдарламасы аясында аталған көше бойынша жұмыстар жоспарға енгізілгенін айтты. Жарықтандыруға қатысты мәселе бойынша құрылыс бөліміне шамдардың бағытын өзгерту жөнінде депутаттық сұрау жолданды.

Көтерілген барлық мәселелер бойынша депутат Арман Иманқұлов тиісті мемлекеттік органдарға ресми сұрау жолдап, оларды жеке бақылауына алғанын жеткізді.