Екібастұз тұрғындарын қандай өзгерістер күтеді?

Екібастұз тұрғындарын қандай өзгерістер күтеді?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында үш негізгі мәселе талқыланып, ұсынылған жобалар қолдау тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, қоқыс шығару тарифі және жол жөндеу жұмыстары қаралған жиынға «Смарт Автобус ПВ», «Жоламан-Эк», «Экибастузкоммунсервис» ЖШС және бірқатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Екібастұз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ сектор меңгерушісі Мәди Зайкеннің баяндамасынан кейін, қоғамдық кеңес мүшелері қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүретін азаматтар тізіміне өзгерістер енгізуді талқылады. Енді бұл тізімге мүгедектігі бар адамдарға еріп жүретін тұлғалар, Семей ядролық полигонында 1949-1990 жылдар аралығында тұрған азаматтар және пробация қызметінің қызметкерлері қосылады.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму бойынша жаңа тарифтерді бекіту болды. Баяндамашының айтуынша, 2023 жылдан бері қолданыстағы тариф «Экибастузкоммунсервис» ЖШС-нің шығындарын толық өтемейді. Жаңа тариф бекітілген жағдайда, 2023 жылғы ескі шешімнің күші жойылады.

Талқылау барысында қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар нақтылаушы сұрақтар қойды. Отырыс қорытындысы бойынша ұсынылған нормативтік құқықтық актілердің жобалары мақұлданып, қолдау тапты.