Екібастұзда ауруханада жатқан әйел көршісінің қомақты қаржысын ұрлаған
Әйел адамның шотынан шамамен 13 млн теңге сомасында ақша қолды болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, зейнеткер белгісіз адам ақшасын ұрлағаны туралы шағыммен тәртіп сақшыларына жүгінген.
Полиция аталған қылмысты ашуға бағытталған шаралар қабылдап, жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде зейнеткердің 28 қарашадан 2 желтоқсанға дейін инсульт бөлімшесінде ауруханада емделгені анықталған. Тергеуші онымен бірге палатада болған бірнеше пациенттің барлығынан жауап алған.
– Нәтижесінде Kaspi банкінің мобильді қосымшасына заңсыз кіру жолымен зейнеткердің шотынан ақша ұрлығын жасаған жас әйел анықталды. Ол өз ісін мойындады, бірақ ұрлық ашылып қалады деп ойламаған, – дейді департаментте.
Полиция ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы – келу туралы міндеттеме тағайындалды.