Екібастұзда көлік қаққан бала ауруханада көз жұмды
Жыл басынан бері облыста үш бала жол апатынан қаза тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұдан бөлек, 11 адам әртүрлі ауыр деңгейде жарақаттар алды.
Бұл туралы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафинов мәлім етті.
2 қыркүйек күні кешкі сағат алтыда Майқайың ауылынан Баянауылға қарай шығып келе жатқан «Audi-80» көлігінің жүргізушісі жеті жасар баланы қағып кеткен. Ол жолдың тыйым салынған бөлігінен өтіп бара жатқан.
– Жарақат алған бала Екібастұз қалалық ауруханасына жатқызылып, сол жерде қайтыс болған, – деді спикер. – Балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының өсуінің негізгі себептерінің бірі – жолдан белгіленбеген жерлерде өту.
Еске сала кетейік, биыл Ақсу мен Павлодар қалаларын байланыстыратын көпірде скутермен жүрген екі жасөспірім апатқа ұшырған. Өткен жылы жол апатынан үш бала қайтыс болды.