Екібастұзда малын қараусыз қалдырған Солнечный кентінің тұрғыны айыппұл арқалады
Осы себеппен жыл басынан бері Екібастұздың ауылдық аймағында 54 мал иесі жазаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полиция департаментінің мәліметінше, 29 мамырда Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде полицейлер 6 бас ірі қара малдың еркін жайылымда жүргенін анықтаған.
- Қызметкерлер ірі қара малды айып тұрағына қамады. 31 жастағы ауыл тұрғынымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, ӘҚБтК-нің 408-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 3 АЕК айыппұл салынды, - деді департаментте.
Айта кетейік, Екібастұз өңірінде еркін жайылымда қараусыз қалған малдарға арналған 14 айып тұрағы салынған. Бұл тұрақтарға биыл 187 мал орналастырылды.
Қараусыз жайылып жүрген малдар жеке тұлғалардың мүлкіне нұқсан келтіргені үшін иесіне ҚР ӘҚБтК 408-бабының 2-бөлігіне сәйкес 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген.