Екібастұзда мас күйдегі ер адам мен әйел адам полицейлермен төбелесті

Екібастұзда мас күйдегі ер адам мен әйел адам полицейлермен төбелесті

Олар полицейлердің қызметтік киімдері мен көлігін зақымдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Әлеуметтік желіде оқиғаға қатысты бейнежазба тарады. 

Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, 22 сәуір күні сағат 17:20-да Екібастұз қаласының полициясына Пішенбаев көшесіндегі дүкеннің жанында мас күйдегі адамдар ішімдік ішіп жүргені туралы хабарлама келіп түскен. 

Полицейлер келген кезде дерек расталды. Шынымен де дүкен маңында 34 жастағы ер адам мен 32 жастағы әйел адам болған. Осыған байланысты полицейлер аталған азаматтарды уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізу туралы шешім қабылдады.

- Олар полицейлердің заңды талаптарына бағынбай қарсылық көрсеткен. Жағдай барысында полицейлердің нысанды киім-кешектері мен қызметтік көлік құралдары зақымданған, - деді департаментте. 

Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша ұсталғандар орташа дәрежелі алкогольдік масаң күйде болған. Барлығы уақытша бейімделу және детоксикация орталығына орналастырылды. 

Азаматтар ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 380-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.