Екібастұздағы жылу алдағы тәулікте қалыпқа келтіріледі
ЖЭО-да жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС мәліметінше, 4 наурыз күнгі сағат 21:00-дегі жағдай бойынша қысым 9,2/2.0 кг/см2 болғанда ЖЭО-дан шығатын су температурасы 46 градусты құрайды.
- Станцияда төрт қазандық: №6, 9, 14, 15 қазандықтары жұмыс істеп тұр. Алдағы тәулікте №5 және №11 қазандықтарды да іске қосу жоспарлануда. Бұл температураны 65 градустан асыруға мүмкіндік береді, - деді кәсіпорында.
Дүйсенбі күні жөндеу жұмыстары аяқталған соң №12 қазандықты да іске қосу жоспарланған. Станция қызметкерлерімен жөндеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.
Айта кетейік, ЖЭО-дан шығатын (берілетін) желілік судың температурасы 65-70 градус болса, оңтайлы температура болып табылады.