Екібастұздағы өрттен алты адам құтқарылды
Өрт бес қабатты тұрғын үйдің төртінші және бесінші қабаттарындағы пәтерлерге тараған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Солнечный кентінде бес қабатты тұрғын үйде өрт шықты. Жалын төртінші және бесінші қабаттардағы балкондарды, кейін екі пәтерді шарпыған.
Өрттің жалпы аумағы шамамен 60 шаршы метрді құрады.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер құтқару жұмыстарын бірден бастады.
– ТЖМ қызметкерлері баспалдақ арқылы бір адамды құтқарды. Тағы бір тұрғын автосатының көмегімен сыртқа шығарылды. Сонымен қатар баспалдақпен тағы төрт адам эвакуацияланды, – деді ведомствода.
Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында жалынның басқа пәтерлерге таралуына жол берілмеді.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға және төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарласуға шақырды.