Өсімдіктердің өсуін жеделдететін технология Павлодарда сынақтан өтуде
Биологтардың айтуынша, технологияны қолдану тәсілі өте қарапайым, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығының жабық топырақ бөлімі меңгерушісі Ахметуәли Қапашевтің айтуынша, нанобөлшектерге деген қызығушылық климаттың әсерінен топырақта болып жатқан өзгерістермен байланысты.
– Топырақ – тірі ағза. Мен онымен көп жылдан бері жұмыс істеп келемін және оның біртіндеп тіршілік қуатын жоғалтып бара жатқанын сеземін. Бұған ауа райы жағдайлары, температураның күрт ауытқуы және басқа да факторлар әсер етеді, – дейді Ахметуәли Қапашев.
Зерттеушінің айтуынша, нанобөлшектер – өсімдік ұлпаларына жылдам енетін өте ұсақ элементтер. Олар өсімдіктердің өсуі мен дамуына оң әсер етуі мүмкін.
Технологияның тәжірибелік қолданысы туралы сұраққа маман мұндай әдістердің көптеген елдерде кеңінен қолданылып жүргенін айтты.
– Көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанда нанобөлшектер үлкен көлемде пайдаланылады. Бұл елдерден нарыққа жеткізілетін көптеген көкөністер, жемістер мен жидектер осындай технологиялардың көмегімен өсіріледі, – деді ол.
Сонымен қатар, орталықта нанобөлшектерді пайдалану әзірге тек ғылыми-зерттеу сипатында екенін атап өтті.
Оның сөзінше, препарат аз мөлшерде – бір литр суға бірнеше миллилитр көлемінде сұйылтылып, кейін өсімдіктердің жапырақтарына бүрку арқылы енгізіледі. Мұндай қоспаларды адам ағзасына арналған тағамдық қоспалармен салыстыруға болады.
Бұл препараттардың негізін кремний құрайды. Ахметуәли Қапашев кремний оксиді табиғатта кең таралған зат екенін және оның кәдімгі құм құрамында кездесетінін түсіндірді.
Қазіргі уақытта жұмыс шағын тәжірибе кезеңінде жүргізілуде. Орталық мамандары өсімдіктердің өңдеуге реакциясын бақылап, Павлодар облысы жағдайында нанотехнологияларды одан әрі қолдану мүмкіндіктерін бағалауда.