Екібастұздық оқушы шахмат чемпионатында қарсыластарын басып озды

Екібастұздық оқушы шахмат чемпионатында қарсыластарын басып озды

Жания Науанова ақыл-ой спортына 10 жасында келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Алматыда Қазақстан Республикасының 18 жасқа дейінгі юниорлар арасында шахматтың классикалық түрінен чемпионат өтті. Оған барлық қала мен облыстан жиналған 950-ге жуық шахматшы қатысты. Екібастұз қаласының №18 жалпы орта мектебінің оқушысы 16 жасар Жания Науанова облыс атын қорғап, жарыста бірінші орынға ие болды. Ол шахматпен 10 жасынан бастап айналысады.

– Турнир өте қиынға соқты. Менің қарсыластарым  бала кезінен ойнайтын тәжірибелі шахматшылар болды. Әрқайсысы мойынсұнбай, жеңіс үшін шайқасты. Бірақ соған қарамастан, жақсы ойын көрсетіп, адалдықпен, еңбек арқасында бірінші орынға ие болдым, – деді Жания Науанова.

Жас шахматшы 2024 жылы шілде айында Шри-Ланкада 16 жасқа дейінгі классикалық шахматтан өткен турнирінде Батыс Азия чемпионы атанса, желтоқсан айында Тайландта рапид бойынша 17 жасқа дейінгі оқушылар арасындағы Азия чемпионатында бірінші орын алды.

Алдағы уақытта Жания Науанова наурыз айында Сербияда болатын оқушылар арасындағы Әлем чемпионатына, сондай-ақ, қыркүйек-қазан айларында Албанияда өтетін жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатына қатысуға дайындалып жүр.

Фото: Жания Науанованың жеке мұрағатынан