Екібастұздық шахматшылар Азия чемпионатында топ жарды
Қыздар төрт бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Белая ладья» шахмат мектебінің директоры Бақыт Балақанованың мәліметінше, Шри-Ланканың Калутара қаласында шахматтан өткен Батыс Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Чемпионатқа он елдің спортшылары қатысты: Үндістан, Бангладеш, Шри-Ланка, Қазақстан, Пәкістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Иран және Мальдив Республикасы.
Ел намысын 8 жасқа дейінгі санатта Азалия Балақанова және 16 жасқа дейінгі санатта Жәния Науанова қорғады.
– Чемпионат үш бағытта: блиц, рапид, классика бойынша өтті. Азалия Балақанова рапид және блиц бойынша бірінші орын иеленсе, Жәния Науанова классика мен рапидтан алтын ұтты. Бұл қазақстандық мектептер арасындағы ең жақсы нәтиже. Қыздар көптеген турнирлерде ойнап, тәжірибе жинаса да, әрине, қорқыныш болды. Кейде жолымыз болып кетіп тұрды, бірақ біз әрдайым мықтылардың жолы болатынын айтатынбыз, – деді Бақыт Балақанова.
Чемпионаттағы жеңіс үшін Жәния Науанова «Фиде шебері» және халықаралық ұпаймен марапатталды.
– Мен бастапқы тізімде сегізінші орында тұрдым. Әр турға жаттықтырушымен бірге өз дайындамамыз бен идеяларды пайдаланып, мұқият дайындалдық. Екінші турда мен Үндістанның фаворитімен кездестім, ойын қиын болды, бірақ соңында мен жеңіске жете алдым. Алтыншы турдан кейін шаршағанымды сездім, бірақ турнирдің нәтижесін шешетін маңызды раундтар қалғанын түсініп тұрдым. Сондықтан жетінші және сегізінші турда жеңіске жетіп, тоғызыншы турда тең түстім. Бұл маған анық бірінші орынды алуға мүмкіндік берді, – деп бөлісті Жәния Науанова.
Мектеп директорының айтуынша, қыздар жүйелі түрде дайындалып, көптеген республикалық, Азия және әлемдік турнирлерге қатысқан. Жақсы ойнап, көптеген турнирлерде жеңімпаздар қатарында болды. Екеуі де 3 жылдай шахмат мектебінде білім алып жатыр.
Бұған дейін Азалия Балақанова Батумда өткен әлем чемпионатына қатысып, әлемнің үздік үштігіне енген болатын. Бұған дейін ол Албанияда өткен әлем чемпионатында төртінші орынды иеленіп, ақшалай сыйлық пен электронды шахмат тақтасын алды.
Күзде Азалия Италияда өтетін әлем чемпионатына, ал Жәния Бразилияға барады.
Қазір шахмат мектебінің басшылығы жас шахматшылардың биік белестерді бағындыруы үшін демеушілер іздеуде.