Еліміздегі Ұлттық мұражайда ашылған палеонтология залының авторы павлодарлық профессор
Аталмыш залдың тұжырымдамасы мен авторларының бірі, әрі осы жобаның ғылыми кеңесшісі Марғұлан университетінің жаратылыстану жоғары мектебінің профессоры Валентина Алиясова, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде палеонтологиялық залы ашылды. Экспозицияны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов ашты. Мәртебелі мейман ретінде ғалымдар мен Қазақстан мұражайларының директорлары, палеонтологиялық экспозицияны әзірлеу жобасын әзірлеушілер мен орындаушылар шақырылды. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
- Палеонтология залында біздің еліміздің аумағында ғалымдар тапқан ежелгі жануарлардың сүйектері бар. Экспозицияда 220 экспонат, оның ішінде тарихқа дейінгі тірі тіршілік иелерінің қаңқалары және басқа да қазбаланған көне олжалар ұсынылған, - делінген хабарламада.
Экспонаттар 3 дәуірді қамтиды: ерте палеозой, мезозой және кайнозой. Залдың ауданы 500 шаршы метрден асады. Оның ғылыми тұжырымдамасын әзірлеуге белгілі отандық және шетелдік палеонтологтар қатысты, соның ішінде Жаратылыстану жоғары мектебінің профессоры, мәдениеттану ғылымдарының кандидаты Валентина Алиясова.
Палеонтолог-мұражайтанушы Валентина Алиясова белгілі қазақстандық палеонтолог Болат Байшашовпен бірге ғылыми кеңесшілер және Палеонтология залын құру тұжырымдамасының авторлары болды. Валентина Нұрмағамбетқызы тек автор ғана емес, сонымен қатар әзірлеуші және орындаушы. Мұражай қызметкерлерімен бірге мұражай экспозициясын құрудың кешенді ғылыми-зерттеу, шығармашылық, өндірістік-техникалық процесінің барлық кезеңдеріне белсене қатысты.
Палеонтология залының ашылуы – Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға. Бірегей экспозиция келушілерге еліміздің біздің дәуірге дейінгі тарихын көрсетіп, ұлттық палеонтологияның маңызды орталығына айналады.