Эпидемиологиялық маусым басталды: Павлодарлықтар вирустан қалай сақтана алады?

Эпидемиологиялық маусым басталды: Павлодарлықтар вирустан қалай сақтана алады?
Фото: pexels.com/Gustavo Fring

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты деңгейде сақталып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова мәлім етті.

Оның айтуынша, өңірде 28 жұқпалы ауру бойынша тіркелген жағдайлар жоқ. Олардың ішінде оба, тырысқақ, дифтерия, полиомиелит, іш сүзегі, эпидемиялық паротит, қызамық, сібір жарасы, құтыру, листериоз және басқа да аурулар бар. 

Сонымен қатар, облыста 26 нозология бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Мәселен, сальмонеллез – 26,9 пайызға, басқа нақтыланған инфекциялар – жеті пайызға, скарлатина – 2,1 есеге, вирустық гепатит А – 45,8 пайызға, коронавирустық инфекция – 7,9 есеге, туберкулез – 15,3 пайызға, қызылша – 15,5 пайызға, көкжөтел – 2,6 есеге төмендеген.

– Қыркүйек айында ЖРВИ-дің 23 998 жағдайы тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,9 есе азайды. 2025-2026 жылдардың эпидемиологиялық маусымы 1 қазанда басталды. Сол уақыттан бері облыс бойынша 1,5 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелді. Оның ішінде, 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 648 жағдай, бір жасқа дейінгі сәбилер арасында – 37 жағдай, жүкті әйелдер арасында – 4 жағдай, – деді Зәмзәгүл Досжанова. 

Ағымдағы маусымда тұмау жағдайлары әзірге тіркелмеген.

Бұл ретте, маманның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, биылғы маусымда тұмау вирусының үш штамы – A (H1N1), A (H3N2) және B өзекті болады. Бұл штамдар осы маусымға арналған вакцинаның құрамына енгізілген.

Былтырғы эпидемиялық маусымда облыста 240 мыңға жуық ЖРВИ жағдайы тіркелсе, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 149 864 фактісі болған. Зертханалық тұрғыда расталған тұмаудың 65 жағдайы анықталды: оның 63-і А тұмауы (А/H1N1pdm-09) және 2 жағдайы В тұмауы болған. 

– Тұмауға қарсы вакцинация – аурудың алдын алудың ең сенімді тәсілі. ЖРВИ мен тұмау – тыныс алу жолдарының ең жиі таралатын аурулары. Олар ағзаны әлсіретіп, асқынулар мен созылмалы аурулардың өршуіне себеп болуы мүмкін. Вакцинация сырқаттанушылықты, асқынуларды және өлім-жітімді төмендетудің ең тиімді әдісі болып табылады, – деді Зәмзәгүл Досжанова.

ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, тұмауға қарсы вакцинация өңірде қыркүйек айынан бастап жүргізілуде. Биылғы эпидемиологиялық маусымға Павлодар облысы үшін жергілікті бюджет есебінен Ресейдің «Петровакс Фарм» ЖШҚ НПО өндірісінің «Гриппол плюс» вакцинасының 80 мың дозасы сатып алынған.

Вакцинация диспансерлік есептегі балаларға, медицина қызметкерлеріне, педагогтарға, әскери қызметшілерге, жүкті әйелдерге (екінші және үшінші триместрде), қарт азаматтарға және басқа да санаттарға тегін жүргізіледі.

22 қыркүйектен бері вакцина алуға жататын контингенттің 35,5 пайызы – 28 396 адам екпе алған. Иммундау жұмыстары жалғасуда.

Департамент өкілі тұрғындарға қарапайым гигиеналық ережелерді сақтау арқылы ЖРВИ мен тұмаудың таралуының алдын алуға болатынын еске салады. Атап айтқанда, қолды жиі жуу немесе антисептик қолдану, ауру белгілері бар адамдармен жақын байланыстан аулақ болу, үй-жайды жиі желдетіп, тазалықты сақтау, иммунитетті нығайту – дұрыс тамақтану, ұйқы режимін сақтау, физикалық белсенділік, ауа райына сай киіну, алғашқы белгілерде өзін-өзі емдемей, дәрігерге қаралу, вакцинациядан өтуді ұмытпаған жөн.