ERG Павлодар облысын дамытуға үш млрд теңге қаражат береді
Осы жайындағы меморандумға Еуразиялық топтың басқарма төрағасы Серік Шахажанов пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қол қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қаражат дәстүр бойынша аймақты дамытуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға арналған.
Павлодарда ERG Усолка шағын ауданында жаяу жүргіншілер көпірін салуға ақша бөледі. Сондай-ақ, 8 қалалық кітапхананы жаңарту жобалары әзірленетін болады.
Екібастұзда «Ерекше үй» атты балаларды түзету орталығына қаржы бөлінеді, сондай-ақ, «Шахтер» саябағын қайта құру бойынша ЖСҚ әзірленеді.
- Ақсу қаласына ERG жылу желілеріне техникалық аудит жүргізуге қаражат бөлумен қатар «Туған қала» жобасын іске асыруды жалғастырады. Бұдан бөлек, қалалық аурухананы көп бейінді ауруханаға ауыстыру үшін қайта құру бойынша ЖСҚ әзірленетін болады, - деді баспасөз қызметінде.
Баянауыл ауданында - Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов және басқа да көптеген ұлы жерлестеріміздің туған жерінде бірнеше жобаны әзірлеу көзделген.
- Олардың қатарында Баянауыл ауылындағы ҰОС батырларының стелласы бойындағы жаяу жүргіншілер-серуендеу аймағын қайта құру, Сабындыкөлдің жағалауы мен жағажайды қайта құру, дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен келушілер орталығын салу, лиманды суару жүйелерін қайта құру жобалары бар, - деді баспасөз қызметінде.
Бұдан басқа, ERG меморандумы аясында облыста Железин ауданының Моисеевка және Павлодар ауданының Сычевка ауылдарындағы авариялық мекемелердің орнына 2 жаңа мектеп (әрқайсысы 100 орынға) салынады.
Сондай-ақ, меморандум қаражатына неонатолог дәрігерлерді оқыту, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, облыс колледждерінің материалдық-техникалық базасын нығайту ұйымдастырылады.
Өңір басшысы Асайын Байханов топ өкілдеріне өзінің қызметі барысында ERG жыл сайын өзінің ірі кәсіпорындары орналасқан Павлодар облысында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру бойынша меморандумдар жасайтынын және өңірдің дамуына елеулі үлес қосатынын айтты. Әсіресе әкім компания басшылығының ұсынылған жобаларға мұқият қарайтынын және әрдайым өңір тұрғындары үшін үлкен игілік әкелетін жобаларды қолдауға тырысатынын атап өтті.
Фото: Валерий Бугаев