«Ерке Ертістің жағасында...» және «Мейірімді ERTIS»: үздік жобалар анықталды
Павлодарда әлеуметтік жобаларды іске асыратын еріктілерге шағын гранттар берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімдігінде «Ерке Ертістің жағасында...» және «Мейірімді ERTIS» бағыттары бойынша шағын гранттар конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Байқау Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің қолдауымен жүзеге асырылып, азаматтық бастамаларды дамытуға, қоғамдық маңызы бар жобаларды қолдауға және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған.
— Жоба қала ортасын дамытуға, қоғамдық маңызы бар бастамаларды қолдауға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін, бастамашыл топтар мен еріктілер қозғалысының белсенді мүшелерін біріктірді, - дейді ұйымдастырушылар.
Байқау нәтижесінде әр бағыт бойынша 5 жеңімпаздан, жалпы саны 10 жоба грант иегері атанды. Жеңімпаздарға өз бастамаларын жүзеге асыру үшін 500 мың теңге көлемінде гранттар табысталды.
Халықаралық волонтерлер жылы аясында өткізілген бұл шара азаматтық белсенділіктің, өзара көмек пен әлеуметтік жауапкершіліктің маңызын айқындай түсетіні сөзсіз. Үздік жобалар жақын уақытта облыс орталығы тұрғындарының игілігі үшін жүзеге асырылатын болады.