Ертіс өзені акваториясына мониторинг жүргізілді

Бұл су тасқыны кезеңімен байланысты жағдайды кешенді бағалауға және кез келген ықтимал қауіптерге уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД бастығы, полковник Рустамбек Амриннің басшылығымен Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының су қоймаларынан реттелетін су жіберумен тікелей байланысты Ертіс өзеніне ауқымды мониторинг жүргізілді.
Аталған шара халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспарлы жұмыстың бір бөлігі болып табылады және Павлодар, Ақсу қалалары, сондай-ақ Павлодар ауданы арқылы өтетін өзеннің ауқымды су айдынын қамтиды.
– Бұған дейін Павлодар облысының ТЖД жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстарды қарап, күштер мен құралдардың дайындығын бағалау жүргізілді. Қазіргі уақытта облыста су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізу үшін 14 уақытша гидропост орналастырылды. Әр ауданда өзендегі су деңгейін үздіксіз бақылауды қамтамасыз ететін жедел топтардың жұмысы ұйымдастырылды, – деп атап өтті полковник Рустамбек Амрин.
Ағымдағы жылы Шүлбі су қоймасынан 9 сәуірден 5 мамырға дейін табиғатты қорғау мақсатында су жіберіледі. Жалпы қабылдау көлемі 5,77 текше/км су құрайды.
Жүйелі мониторинг және жоспарлы іс-шараларды жүргізу халықтың қауіпсіздігіне кепілдік бере отырып, ықтимал қатерлерді уақтылы анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді.