Ертіс ауданында «Ұлттық ойындар алаңы» ашылды

Ертіс ауданында «Ұлттық ойындар алаңы» ашылды
Фото: облыстық білім беру басқармасы

Аталған бастама 1986-1987 жылдардағы мектеп түлектерінің қолдауымен жүзеге асырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ертіс ауданына қарасты Максим Горький атындағы жалпы білім беретін орта мектепте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Мектепте ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған «Ұлттық ойындар алаңы» салтанатты түрде ашылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық ойындар арқылы оқушылардың рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту, ата-баба мұрасына деген құрметті қалыптастыру және балалардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру.

Жаңа ашылған алаңда оқушылар үлкен үзілістер кезінде асық ату ойындарының түрлерін ойнап, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындармен шұғылдана алады. Бұл өз кезегінде балалардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.

Іс-шараның жүзеге асуына демеушілік көрсеткен мектеп түлектері алаңды жабдықтау үшін тоғызқұмалақ тақталары мен асық жиынтықтарын, арнайы үстелдер, кілемдер, перде және көркем безендіруге қажетті материалдарды сыйға тартты.

Шара соңында оқушылар мен ұстаздар ұлттық ойындардың мазмұнымен танысып, оларды тәжірибе жүзінде ойнап көрді. Мектеп директоры түлектерге алғыс білдіріп, олардың туған мектепке деген жанашырлығы жас ұрпақ үшін үлкен үлгі екенін айтты.