Ертіс ауданында ұлттық спорт ұлықталды

Ертіс ауданында ұлттық спорт ұлықталды
Фото ашық дереккөзден

Ертістіктер бәйгені тамашалап, қазақша күрес, еркін күрес, қошқар көтеруден бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің мәлімдеуінше, Ағашорын ауылында жаңа мешіт ашылды. Осыған орай ауылда 9 ақшаңқай киіз үй тігіліп, ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.

Айтулы күнге орай тай, құнан жарысы мен тоқ бәйге және аламан бәйге ұйымдастырылды. Мұнда тай жарысында ақтоғайлық шабандоз (Шілікті ауылы) Жақыпбектің аты оза шауып, І орынды иеленді. Ал ІІ орынды Асылмұрат шабандоз (Ақтоғай ауданы, Жалаулы ауылы) жеңіп алса, ІІІ орынға Әмір шабандоз (Ақтоғай ауданы, Жалаулы ауылы) тұрақтады.
Құнан жарысында І орынды баянауылдық Ілияс шабандозға бұйырса, ІІ орын ақтоғайлық Нұрасылдың еншісінде, ал ІІІ орынға Солтүстік Қазақстан облысы, Қулыкөл ауылының шабандозы тұрақтады.

Тоқ бәйгеде І орын Әмір шабандоз (Ақтоғай ауданы, Жалаулы ауылы), ІІ орын ағашорындық Жарқынбек шабандоз, ІІІ орынды Май ауданының шабандозы Аян Қапышев қанжығасына байлады.

Аламан бәйгеде Павлодар қаласынан келген Бақтияр шабандоз І орынға, ІІ орынға «Ақторы» жүйріктің иесі ағашорындық Жарқынбек шабандоз жайғасты. ІІІ орынды Аян Қапышев (Май ауданы, Басқамыс ауылы) жеңіп алса, ІV орынды бұланбайлық шабандоз қанағат тұтты.

Қазақша күрес бойынша белдескендер арасында қарсыласын шақ келтірмеген Ерғантай Еламан (Ақтоғай ауданы) бірінші орынды қанжығалады. Ал ІІ орынға Манап Рақат (Аққулы ауданы, Мерғалым ауылы) ие болса, ІІІ орынға Құдайберген Темірғалы (Шарбақты ауданы) тұрақтады.

Қошқар көтеруден Май ауданынан келген Диас есімді жігітке тең келер қарсылас болмады. Ол қошқарды 42 рет көтеріп, үздік атанды.

Еске сала кетейік, Ертіс ауданында жаңа мешіт ашылды. Қасиетті орынды ашу әдеттегідей Алланың кәләмы – Құран оқумен басталып,  ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер сөз сөйледі. Облыстың бас имамы Жолдас Бертымұратов жиналған жамағатқа имандылық, жастар тәрбиесі, мешіттің халықтың береке-бірлігін арттыруда атқарар рөлі жайлы кең көлемде уағыз айтты.