«Ертіс орманы» резерватына 75 арнайы техника сатып алынды
Материалдық-техникалық базаны жаңартуға үш миллиард теңгеге жуық қаржы бағытталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватына заманауи арнайы техника сатып алуға кәдеге жарату төлемдері есебінен 2,9 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

Жоба аясында резерват 34 өрт сөндіру автоцистернасымен, жеті трактормен және 34 жол талғамайтын автокөлікпен толықты. Барлығы 75 арнайы техника сатып алынды.
– Материалдық-техникалық базаны жаңарту өрт қаупі жоғары маусымға дайындықты күшейтуге, өртке ден қою уақытын қысқартуға және орман қорын қорғау тиімділігін арттыруға бағытталған, – деп хабарлады министрлікте.

Жаңа техникалар өрт ошақтарына жедел жетуге және орман алқаптарында алдын алу жұмыстарын жүргізуге пайдаланылады.
2024 жылдан бері «Жасыл даму» АҚ ұлттық табиғи парктерге, орман резерваттарына, қорықтар мен орман шаруашылығы мекемелеріне арнайы техника сатып алуға кәдеге жарату төлемдерінен 33,1 миллиард теңгеден астам қаржы бағыттаған.

Осы кезеңде табиғат қорғау ұйымдарына 1006 арнайы техника сатып алынды. Олардың қатарында өрт сөндіру автоцистерналары, жол талғамайтын көліктер, тракторлар және орман мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғауға арналған басқа да техника бар.