«Ертіс орманы» табиғи резерватында жер учаскелерін жалға алу мүмкіндігі туды
Алғаш рет кәсіпкерлер мен инвесторларға бірегей табиғи аумақта туристік нысандар салу үшін жер телімдері ұсынылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мекеменің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бас жоспарға енгізілген түзетулерге сәйкес, 2026 жылы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында алғаш рет туристік, рекреациялық және мәдени-ағартушылық мақсаттар үшін жер учаскелерін қысқа мерзімді (5 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (25 жылға дейін) пайдалануға беру жоспарлануда.
– Жер учаскелерін беру жөніндегі конкурс қолданыстағы заңнамаға сәйкес, төмендегі нормативтік құқықтық актілер негізінде өткізілетін болады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 5 наурыздағы № 73 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидалары» басшылыққа алынады. Сондай-ақ конкурс барысында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2025 жылғы 22 шілдедегі № 199 бұйрығымен бекітілген тиісті қағидалар қолданылады, – деді резерваттың баспасөз қызметі.
«Ертіс орманы» МОТР РММ аумағында экотуризмді дамытуға мүдделі барлық тұлғалар 25 ақпанға дейін қызықтырған жер учаскесіне өтінім бере алады.
Қосымша сұрақтар бойынша келесі телефон нөмірлеріне хабарласуға болады: 8-705-456-7108, 8771-394-3273.