Павлодарда «Инватакси» қызметінде бірқатар бұзушылықтар анықталды
Кейбір көліктер мүгедектер арбасын бекітетін құрылғымен жабдықталмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалына келіп түскен арыз-шағым негізінде Нұргүл Қайырденова жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен келісе отырып, «Инватакси» қызметінің жағдайы мен тасымалдау шарттарына көз жүгіртті.
– Тексеру барысында мүмкіндігі шектеулі адамдарды автомобиль көлігімен тасымалдау бойынша қызмет көрсету қағидаларының барлық талаптары орындалмағанына көз жеткіздік. Мүгедектер арбасын бекітетін құрылғымен барлық көліктер жабдықталмаған, яғни қауіпсіздік белдіктері жоқ. Ал олар бар жерде оларды қауіпсіздік белдігі деп атауға болмайды, олар қарапайым қолдан жасалған арқандар, – деп Нұргүл Қайырденова наразылығын білдірді.
Сонымен қатар, мүгедектерді тасымалдаушы көліктер GPS жүйесімен жабдықталмаған, шағын автобустардың барлығы газ қондырғысымен жабдықталса да, арнайы органдардың рұқсат қағазы бар-жоғын тексеру мүмкін болмады. Газ жабдықтарын көрсететін жапсырма тек бір көлікте ғана байқалды.
– Көптеген адамдар үшін «Инватакси» қызметі қажеттілік болып табылады, өйткені мүгедектер оқуға және жұмыс істеуге, процедуралар мен тағы басқаларына бара алады. Сондықтан көліктер мүгедектер арбасын тасымалдауға бейімделіп, жол жүру кезінде жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін барлық жағдай жасалуы керек, – деп атап өтті «Әділдік жолы» бірлестігі облыстық филиалының басшысы.
Оның айтуынша, мемлекеттің қаланы безендіруден гөрі бұл мәселені шешкені орынды болар еді. Себебі, қоғамдық бірлестіктер мен қорлардың жаңа көлік сатып алуға шамасы келмейді. Бір автобус кем дегенде 17 миллион теңге тұрады.