«Ертіс орманында» құстардың жаңа түрлері анықталды

«Ертіс орманында» құстардың жаңа түрлері анықталды
Фото: Қанат Егембердиевтің мұрағатынан

Ғалымдар құстардың таралуын тұрақты зерттеп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында бұрын тіркелмеген қанаттылар анықталып, орнитологиялық тізім толықтырылуда. Солардың бірі – кезқұйрық жапалақ. Резерваттың ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің аға ғылыми қызметкері Қанат Егембердиев бұл жыртқышты кеше алғаш рет кездестіріп, суретке түсірген.

– Бұл осы аумақта мекендейтін түрлердің бірі. Бірақ осы уақытқа дейін өзім кездестірмеген едім. Кеше ғана көріп, суретке түсірдім. Осы деректен кейін оны резерваттың құстар тізіміне қосамыз, – деді ол.

Маманның айтуынша, соңғы жылдары орнитологиялық бақылау жұмыстары жандана түскен. Бұған дейін резерватта небәрі 50 түр тіркеліп, оның төртеуі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Өткен жылы жаңадан ондаған түр анықталып, олардың алтауы Қызыл кітапқа енгізілген сирек кездесетін санатқа жатқаны белгілі болған. Ал биыл қаңтар айынан бері тағы 47 түр есепке алынып, оның екеуі Қызыл кітапқа енген.

Қазіргі дерек бойынша резерват аумағында 137 құс түрі тіркелген. Оның 12-сі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Павлодар облысындағы орнитологиялық ізденістердің тарихы да ұзақ үзілістермен сипатталады. Долгушиннің 1979 жылғы еңбегінде өңірде 205 түр көрсетілсе, 2005 жылы Базарбеков пен Ляхов жүргізген зерттеулер нәтижесінде бұл көрсеткіш 243-ке жеткен.

– Өткен жылдан бастап Ертіс орманындағы құстарды зерттеуді бастадым. Өзім орнитологияға қызығамын. Павлодар облысында бұл бағытта жұмыстар өте аз жүргізілген. Сондықтан олардың саны, қай мезгілде кездесетіні және басқа да ерекшеліктері бойынша бақылау жүргізіп жатырмыз, – деді ғалым.

Кезқұйрық жапалақ – қылқан жапырақты және аралас ормандарды мекендейді. Сақ әрі жасырын тіршілік ететіндіктен, табиғатта көзге түсе бермейді. Дене тұрқы ірі, құйрығы ұзын әрі сына тәрізді. Ақшыл-сұр және қоңыр теңбілді қауырсыны ағаш діңдерінің арасында байқалмай қалуына мүмкіндік береді.

Кезқұйрық жапалақ негізінен түнде және ымыртта аң аулайды. Ұсақ кеміргіштермен қоректеніп, орман экожүйесіндегі табиғи тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Отырықшы тіршілік ететін бұл жыртқыштың есту қабілеті де жақсы дамыған. Қыста қалың қар астында қозғалған тышқанның дыбысын сезіп, қарды тесіп, жемтігін ұстай алады.

Осылайша, жүргізіліп жатқан жүйелі бақылау жұмыстары «Ертіс орманының» биоалуантүрлілігі туралы деректерді толықтырып, өңірдегі қанатты тіршілік иелерінің таралу ерекшеліктерін нақтылауға мүмкіндік беріп отыр.