Ертіс жағасында London Eye үлгісіндегі шолу дөңгелегі қашан салынады?

Ертіс жағасында London Eye үлгісіндегі шолу дөңгелегі қашан салынады?
Фото: Константин Шелков

Жоба Павлодардың 2026–2030 жылдарға арналған дамыту жоспарына енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Дамуту жоспарына, сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлер салу, Затон ауданының апатты үйлерін жаңғырту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін зауыт құрылысы қосылды.

Павлодар қалалық мәслихат депутаттары даму жоспарына барлығы бес ірі жобаны енгізді. Павлодар қаласының экономика және қаржы бөлімінің мәліметінше, жобаларды іске асыруға жеке инвестициялар тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Сондай-ақ қаланың инфрақұрылымы дамиды.

Ертіс жағалауындағы айналу дөңгелегін «Samruk SA» ЖШС салуды жоспарлап отыр. Жаңа нысан қала тұрғындары мен туристер үшін тағы бір көрікті орынға айналмақ.

Бұл жоба туралы бұған дейін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов «Серпін. Қуат. Өмір» энергетиктердің алғашқы форумында айтты. Қазір айналу дөңгелегін әйгілі London Eye үлгісінде салу нұсқасы қарастырылып жатыр. Биіктіктен Павлодардың жағалауын, Ертісті және өзен үстіндегі әсем күн бататын көріністі тамашалауға болады.

Жағалауды дамыту жұмыстары да жалғасады. Болашақта серуендеу аймағын Усолкаға дейін ұзарту жоспарланып отыр. Бұл үшін өзен вокзалынан Усолканың шаңғы базасына дейін Ертіс арқылы жаяу жүргіншілер көпірін салу және бөгетке экопарк жасау жобалары қарастырылуда. Жоспар жүзеге асса, жағалау орталық бөліктен Усолкаға дейін созылып, Орталық Азиядағы ең ұзын жағалаулардың біріне айналуы мүмкін.

Павлодардың даму жоспарына Теплов көшесі, 38 мекенжайындағы екі тұрғын үйдің құрылысы да енгізілді. Біріншісі – жерасты автотұрағы мен коммерциялық нысандары бар тоғыз қабатты, төрт кіреберісті үй. Оның құрылысы қаладағы тұрғын үй қорын 11 мың шаршы метрден астамға арттырып, шамамен 570 адамды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Жобаға шамамен 2 миллиард теңге жеке инвестиция тарту жоспарланған.

Осы мекенжайда бес қабатты, бір кіреберісті тағы бір тұрғын үй салынады. Ол тұрғын үй қорын 1,8 мың шаршы метрге арттырып, шамамен 120 адамды баспанамен қамтамасыз етеді. Жобаға шамамен 700 миллион теңге жеке инвестиция салу көзделген.

Тағы бір жоба Затон ауданындағы тұрғын үйлерді жаңғыртуға бағытталған. Мұнда «жайлылық+» және «бизнес» санатындағы жаңа тұрғын үйлер салу жоспарланып отыр. Сатып алушыларға Қазақстанның тұрғын үй компаниясының кепілдігін пайдалану және талаптарға сәйкес келген жағдайда жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін «СтройХолдинг-ПВ» ЖШС зауытының құрылысына 3 миллиард теңге инвестиция салынады. Кәсіпорын айына 5 мың тоннадан астам шикізатты өңдей алады. Зауыт іске қосылғаннан кейін шамамен 100 тұрақты жұмыс орны ашылады.