Ертіс жайылмасындағы өрт 40 гектар аумақты шарпыды
Тілсіз жауды сөндіруге 40-қа жуық адам жұмылдырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Ертіс өзенінің жайылмасындағы өрт 14 қыркүйек күні сағат 04:33-те толық сөндірілді.
Өрт бір-бірінен алшақ орналасқан екі ошақта болған. Жалпы аумағы шамамен 40 гектарды құрады. Тілсіз жау жиналған шөптің 100 рулонын зақымдады.
– Өртті сөндіруге облыстық ТЖД күштері, Заря, Новоямышево және Кемеңгер ауылдарындағы «Ауыл құтқарушылары» бекеттері, «Ауыл Су» МКК, «Агро-Вива» шаруа қожалығы және Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі қатысты. Барлығы 39 адам мен 14 техника жұмылдырылды, – делінген хабарламада.
Оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
ТЖД тұрғындарға шөпті ашық от пен құрғақ өсімдіктердің маңына жинамауды, сақтау орындарының жағдайын үнемі бақылауды және олардың маңында темекі шегіп, от жақпауды ескертеді. Өрт байқалған жағдайда 101 немесе 112 нөміріне хабарласу қажет.