«Ertis Pavlodar» ипподромының ашылуында тазы иттердің көрме чемпионаты өтті

«Ertis Pavlodar» ипподромының ашылуында тазы иттердің көрме чемпионаты өтті
Фото: Константин Шелков

Жарысқа Павлодар, Екібастұз, Ақсу және облыс аудандарынан келген  қазақы тазы және ортаазиялық төбеттер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірлік қоғамдық бірлестік «Альянс» Ұлттық кинологиялық федерациясының президенті Данара Сейтқанованың айтуынша, көрме ұлттық тұқымдарды насихаттау, жануарларға ізгі қарым-қатынас қалыптастыру және қазақ халқының бірегей мұрасын сақтау жобасы аясында ұйымдастырылған.

- Чемпионатқа 30 ит қатысты. Олардың басым бөлігін ұлттық тазы тұқымдастары құрады, - деді сұхбаттасушы.

Қатысушыларды Өскемен қаласынан келген халықаралық санаттағы сарапшы Евгения Лыкова бағалады. Оның айтуынша, басты критерий – тұқым стандартына сәйкестік.

- Бұл сұлулық чемпионаты. Бірінші кезекте біз иттің анатомиясын, мінезін, құлағы мен құйрығының тұрқысын, жүнінің сапасын, тістеуін, тұқым стандартына жалпы сәйкестігін бағалаймыз. Бұл ретте тазы адамға агрессия көрсетпеуі керек. Бұл өзіндік ерекшелігі бар көне аңшы тұқымы, - деп түсіндірді сарапшы.

Евгения Лыкова соңғы жылдары ұлттық тұқымды сақтау және мойындату бойынша үлкен жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

- Тазы – өте көне тұқым. Оны сақтаған адамдарға рахмет. Бүгінде ол ірі кинологиялық ұйымдар тарапынан ресми мойындалды. Біздің иттер халықаралық көрмелерге сәтті қатысып, шетелде жүлделі орындарға ие болып жүр, - деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде қазақы төбетті сақтауға ерекше көңіл бөлінуде. 

- Бұл тұқымның әлі даму жолы ұзақ. Біз мұндай сирек тұқымды насихаттауға және қайта жаңғыртуға тырысып жатырмыз. Генетикалық таза түрі көп емес, сондықтан бұл ұлттық байлықты сақтау маңызды, - деп атап өтті ол.

Көрме қатысушыларының бірі – бала күнінен тазы ұстап келе жатқан павлодарлық Ерден Қазанғапов.

- Әкем ит ұстады, ағаларым ұстады. Мен тазының қасында өстім десе болады. Біз үшін бұл жай ғана сұлу ит емес – аң аулауда нағыз көмекші, - дейді қоян, түлкі және борсыққа түсе алатын Көкдаул атты жүнді аңшының иесі.

Ит өсіруші мылтықсыз итпен аң аулайтынын атап өтті.

- Менің басты қызығушылығым – олжа емес, процестің өзі. Ит ізді қалай табады, аңмен қалай жұмыс істейді, оны қалай қуады – соны тамашалау. Аңшылықтың бүкіл қызығы осында, - дейді ол. Тазы иесі оның адамдарға деген мінезі сабырлы, тепе-тең екенін, бірақ аңмен жұмыс істеген кезде қажетті аңшылық қасиетін сақтайтынын баса айтты.

Көрме қорытындысы бойынша тұқымның үздік өкілдері марапаттарға ие болды. Яғни, бағалы сыйлықтар және ақшалай сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар ұлттық ит тұқымдарын сақтау мен дамытуға, сондай-ақ аймақ тұрғындарының Қазақстанның дәстүрі мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға көмектеседі деп сенім білдіреді.