Ертіс ауданында үздік жас ақындарды анықтады

Ертіс ауданында үздік жас ақындарды анықтады
Фото: Ертіс ауданының білім беру бөлімі ұсынды

«Жас ақын» байқауы жыл сайын өткізіледі, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz. 

Ертіс ауданы Қарақұдық мектебінің жазғы сауықтыру лагерінде демалып жатқан оқушылар үшін дәстүрлі «Жас ақын» байқауы ұйымдастырылды. Биыл іс-шара Ертіс ауданының тумасы, белгілі балалар ақыны Мүбарак Жаманбалиновтың туғанына 100 жыл толуына арналды. 

Мақсаты – мектеп оқушыларының ақындық талантын ашу, көрнекті жерлестерінің өмірі мен шығармашылығына деген қызығушылықтарын арттыру. Кештің құрметті қонақтары ақын Самат Маненов пен М.Жаманбалиновтың ұлы Талап Жаманбалинов болды. Жарыс бірнеше бағыт бойынша өтті. 

Байқауға қатысушылар Мүбарак Жаманбалиновтың өлеңдері мен поэмаларынан үзінділер оқыды.  №2 Ертіс орта мектебінің оқушысы Сырым Арынғазы автордың 20 өлеңі мен поэмасын жатқа айтып беріп, үздік атанды. 12 оқушы ақынға арнаған өз шығармаларын ұсынды. Бірінші орынды №3 Ертіс ЖОББМ оқушысы Ақбота Жүрсінова иеленді. Сонымен қатар оқушылар қазақ даласының әйгілі билеріне еліктеп, Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би және басқалардың сөздерін келтіріп, шешендікпен жарысты. Бұл кезеңде Иса Байзақов атындағы мектептің оқушысы Жансая Қанатова үздік атанды.