Ертіс ауданының оқушылары үшін "Арман дала" туристік слеті ұйымдастырылды

Ертіс ауданының оқушылары үшін "Арман дала" туристік слеті ұйымдастырылды

Туристік слет Сілеті ауылдық округінің Қызылағаш ауылының орманды алқабынан бастау алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудандық білім бөлімінің мәлімдеуінше, аталмыш шара «Балалар шығармашылық және бос уақытты қамту орталығының» ұйымдастыруымен іске асты. Жалпы, Ертіс ауданында жалпы білім беретін 25 мектеп болса, соның жартысынан көбі бұл туристік саяхатқа белсенді қатысты. 

Бірлік негізгі мектебінің ұжымы балалар мен ұстаздарды  Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына кіретін Түгел батыр зиратына апарып, бабалар рухына тағызым жасап, Түгел батырдың өмірінен сыр шертті.  

- Одан әрі ұл балалар балық ауласа, қыз балалар далада ас пісіріп, от жағу сайыстарында бақтарын сынады. Нағыз туристік ойындардың бірі «Арқанға өрмелеу», "Арқан тарту" сайыстарында да өз ептіліктерін көрсетті,- делінген хабарламада.

Қызыққа толы туристік слеттің жеңімпазы Бірлік негізгі мектебінің «Қыран» командасы болса, Қызылқақ мектебінің «Сұңқар» командасы 2-орынды қанжығасына байлады. Ал үздік үштікке Ленин мектебінің оқушылары табан тіреді. Жеңімпаз оқушылар мен барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен тәттілер табысталды.