«Алға, Ертіс!»: Жасырын түсірілген бейне «Ертіс» ойыншыларын жеңіске жетеледі
Спортшылардың жақындары оларға ізгі тілектермен сәлем жолдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы Асайын Байханов та футболшыларға сәттілік тіледі.
– Облыс әкімі болып тағайындалғалы бері аты аңызға айналған футбол командасының жұмысын жандандыру туралы өтініштер көп болды. Бұны іске асыру оңайға соққан жоқ және ұзақ уақыт пен үлкен күш-жігерді қажет етті. Бірақ мен, көптеген адал жанкүйерлер сияқты, мұның бәрі мүмкін екеніне сендім. Сіздер тамаша нәтижелер көрсетіп, маусымды жақсы бастадыңыздар. «Қызылжар М» командасына қарсы маусымның ақтық ойыны да сәтті өтетініне сенімдімін. Уақыт өте келе «Ертісіміздің» бұрынғы даңқын қайтара алатындарыңызға күмәнім жоқ. Жеңіс пен жаңа белестерді бағындыруларыңызға шын жүректен тілектеспін, – деді ол.
Спортшылардың балалары жолдаған жеңіске деген тілектер жүрекке ерекше жылы тиді.
– Алға, «Ертіс», алға, Павлодар! Әке, мен сені қатты жақсы көремін, гол соқ! Тима қақпаны қорға, бізге жеңіс керек! – деп ұрандатты кішкентай жанкүйерлер.
Футбол клубы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл сәлемдеме футболшылар үшін нағыз тосын сый болды.
– Командадан жасырын түрде олардың туыстарынан қолдау көрсетіп, бейне түсіруді сұрадық. Бізді маусым бойы қолдағандардың барлығына алғыс айтамыз! Біз сіздерді бағалаймыз! – делінген «Ертістің» ресми Instagram-парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, Екінші лигада қорытынды турда «Ертіс» командасы Петропавлда жергілікті «Қызылжар М» жастарымен кездесіп, ойынды 3:0 есебімен жеңді. Осылайша, қайта түлеген «Ертіс» алғашқы жылы-ақ жанкүйерлердің үмітін ақтап, келесі жылға Бірінші лигаға жолдама ала алды. Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов дәл осындай міндет қойған еді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram