Еңбек мигранттары Павлодарда медициналық сақтандырусыз жұмыс істей алмайды
Олар еңбек заңнамасына, «Республика тұрғындарының денсаулығы туралы» кодекске және денсаулық сақтау жүйесіне өзгерістер енгізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда уақытша тұратын еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері енді жұмысқа орналасу және емханаға тіркелуі үшін ерікті немесе есептелген медициналық сақтандыру шартын жасауы керек. Осылайша олар алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен шұғыл мамандандырылған стационарлық көмек ала алады.
«Жұмыс беруші медициналық сақтандырудың бұл түрлерінсіз еңбек мигранттарын жұмысқа ала алмайды», - дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қалалық филиалы директорының міндетін атқарушы Алмагүл Ахметжанова.
Есептелген медициналық сақтандыру шартында бастапқы медициналық көмек алу үшін 50 АЕК және стационарлық көмек үшін кемінде 100 АЕК көлемінде қамтылуы тиіс.
Емханаға тіркелу үшін өтінішті еркін нысанда қазақ немесе орыс тілінде жеке басын куәландыратын құжатты немесе шетелдік паспортты қоса бере отырып ұсынады. Медициналық ұйымдарға – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушілеріне немесе денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған медициналық ақпараттық жүйелері бар медициналық ұйымдарға тіркелуге болады. ҚР аумағына уақытша келген шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері МӘМС жүйесінде қазақстандық азаматтармен бірдей құқықтарды пайдаланады және міндеттер атқаратындығын (ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы»Заңының 3 бабының 2 тармағы) атап өту маңызды. ҚР азаматтары, қандастар және ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер үшін бекіту тәртібі өзгеріссіз қалады.
Шетелдіктер дер кезінде ауруларды ерте анықтау үшін профилактикалық скринингтерден өтуге, жүктілікке (12 аптаға дейін) тіркелуге, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша дәрігерге қаралуға міндетті.
Қазақстандықтар, қандастар және елде тұрақты тұратын шетелдіктер үшін заңнама өзгерген жоқ.
Еске салайық, 15 қыркүйекте емханаларға тегін жазылудың жыл сайынғы науқаны басталады. Облыстың 130 мыңға жуық тұрғыны медициналық сақтандырусыз жүр.