Еңбек пен төзімділік: Павлодарда көшпенділер ойындарының жүлдегерлері марапатталды
Аймақ басшысы Асайын Байханов V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Астана қаласында өткен көшпелі мәдениеттің айтулы мерекесіне 89 елден 2500 спортшы қатысты. Біздің еліміздің намысын 21 спорт түрінен 172-ден астам спортшы қорғады.
Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарының жалпыкомандалық есебінде Қазақстан бірінші орынға тұрақтады. Еліміздің медальдар жиынтығының жалпы қоржынына бес спорт түрінен облысымыздың тоғыз спортшысы жүлде салды: асық ату, бәйге, кураш, овари, аба.
Командалық асық атудан алтын медальды Екібастұз қаласынан Жомарт Нұрланов пен Тереңкөл ауданынан Керім Жаздықбай қоржынға салды. Ал, 2500 м бәйгеден бірінші орынды павлодарлық шабандоз Асланбек Байкенов жеңіп алды (жылқы иесі – Бақтияр Байзақов).
Облыс әкімі олардың әрқайсысын тамашалап, жанкүйер болғанын атап өтті.
– Спортшының әрбір жеңісінің артында үлкен еңбек пен төзімділік жатыр. Жаттықтырушыларға қажырлы еңбектері үшін алғысымды айтамын, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Аймақ басшысы спортшылар мен жаттықтырушыларға сәтті өнер көрсеткендері үшін Алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыстады.
Өз кезегінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері Серік Ақтаев пен «Павлодар облысының тоғызқұмалақ зияткерлік федерациясы» ҚБ атқарушы директоры Арыстан Қапаев облыс әкіміне жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.