Гидравликалық сынақтар: Павлодарда қашаннан бастап ыстық су болмайды?
Қала тұрғындарынан жылу желілері өтетін жерлерде сақ болуды сұрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласы әкімінің қаулысына сәйкес 22 сәуірде жылыту маусымы аяқталады. 22-28 сәуір аралығында «Павлодарские тепловые сети» ЖШС «Алюминий Казахстана» АҚ филиалының электр станцияларымен қамтамасыз етілетін жылу желілерінің беріктігіне гидравликалық сынақтар жүргізеді. Сынақтарды жүргізу мақсаты - жылу желілері құбырлары мен жабдықтарының ақауларын анықтау.
Гидравликалық сынақтар жүргізуге байланысты осы кезеңде Павлодардың келесі аудандарындағы тұрғын үйлерде ыстық су ажыратылады: қаланың Оңтүстік бөлігінде 29 Қараша – Естай – Абай - Кривенко – Малайсары батыр – Қамзин көшелерінің шегінде, екінші Павлодар, Шығыс шағын ауданы, Зеленстрой кенті, Усолка, Саяжай, Достық, Сарыарқа шағын аудандары.
Ал 29 сәуір – 5 мамыр аралығында «Павлодар жылу желілері» ЖШС «Павлодарэнерго»АҚ 2-ЖЭО және 3-ЖЭО-мен қамтамасыз етілетін желілер беріктігіне сынақтар жүргізеді. Аталған уақытта Солтүстік желілік ауданның тұрғын үйлерінде ыстық су болмайды.
– Көрсетілген кезеңде жылу желілері өтетін жерлерде сақ болуларыңызды сұраймыз.Сынақ аяқталғаннан кейін анықталған ауқауларды ескере отырып, бір ай ішінде үйлерге кезең-кезеңімен ыстық су берілетін болады,– деді компанияда.
Ақаулары анықталмаған жылу желілерінен қамтылатын тұрғын үйлерге ыстық су желілердің толуына қарай сынақтардан кейін 3-5 күн ішінде қосылады. Желілерінде ақаулар анықталған аудандардағы үйлер ақаулар жойылғаннан кейін ыстық сумен жабдықтауға қосылатын болады.
Барлық анықталған ескертулер мен бұзушылықтар бойынша 57-07-51 («ПТС» ЖШС диспетчерлік қызметі), 63-01-13 (оңтүстік желілік аудан), 62-34-55 (солтүстік желілік аудан) телефондары арқылы хабарласуға болады.