Интернет-алаяқтықпен айналысқан павлодарлық қолға түсті
Күдіктінің заңсыз әрекеті үшін сыйақы алғаны анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті алаяқтық мақсатта пайдаланылатын жабдықтарды анықтау және тәркілеу бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.
27 наурыз күні киберполиция қызметкерлері Павлодар облысында интернет-алаяқтық жасау үшін қолданылған екі sim-box құрылғысын анықтап, тәркіледі.
– Аталған жабдықты заңсыз сақтап, пайдаланды деген күдікпен 23 жастағы азамат ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Пәтерді тексеру барысында 128 және 32 слотқа арналған 2 sim-box құрылғысы, 115 SIM-карта, Wi-Fi роутерлер және 32 ұялы телефон тәркіленді, - делінген хабарламада.
Анықталғандай, күдікті заңсыз әрекеті үшін Kaspi-дегі жеке шотына 100 мың теңге көлемінде сыйақы алған.
Қазіргі уақытта ұқсас фактілерді анықтау және ұсталған азаматтың интернет-алаяқтықтың өзге де эпизодтарына қатыстылығын тексеру мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.