Кітапқа құштар павлодарлықтар жеке мұрағаттарын көптомдық кітаптармен толықтырды
Ұлттық кітап күні аясында С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы ұйымдастырған онлайн шығармашылық байқау өз мәресіне жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Бір кітаптың сыры» атты ерекше форматтағы жоба кітапсүйер қауымның қызығушылығын арттырып, оқырмандардың шығармашылық әлеуетін танытқан маңызды алаңға айналды.
Байқау шарты бойынша қатысушылар өздері оқыған кітаптан алған әсерлерін 3-5 минуттық бейнеролик арқылы жеткізді. Бірі камера алдында ой толғаса, енді бірі шығарманың мазмұнына сай креативті видеолар әзірлеген. Жұмыстар кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланып, қаралым саны, лайк пен пікірлер, сондай-ақ қазылар алқасының шешімі негізінде бағаланды.
Нәтижесінде үздіктер анықталып, жеңімпаздарға қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары табысталды.
Бірінші орын иегері Ақжайық Берікбол Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасын терең талдап, мазмұнды бейнеролик ұсынғаны үшін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 20 томдық шығармалар жинағымен марапатталды. Екінші орынды иеленген Нұрсұлу Дәрігерханға Қабдеш Жұмаділовтің 12 томдық шығармалар жинағы табысталды, ал үшінші орынға ие болған Назерке Қайырбекқызы Дулат Исабековтің шығармалар жинағын иеленді. Сонымен қатар, арнайы жүлде иегеріне Мағжан Жұмабаевтың көптомдық шығармалары ұсынылды.
– Бұл жоба арқылы біз оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруды мақсат еттік. Қатысушылар тек оқып қана қоймай, өз ойларын шығармашылық түрде жеткізе білді. Осындай байқаулар жастарды кітап оқуға ынталандырады, – дейді кітапхананың баспасөз хатшысы Тілеуберді Сахаба
Айта кету керек, байқауға 16 жастан асқан 10-нан астам қатысушы өтінім беріп, өздерінің үздік жұмыстарын ұсынған. Әрбір бейнеролик мазмұны мен идеясы жағынан ерекше болып, оқырмандардың әдеби талғамы мен ой тереңдігін көрсетті.
Екінші орын иеленген Нұрсұлу Дәрігерхан – Ертіс ауданынан келген, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері. Ол Мұхтар Мағауиннің «Шақан Шері» романын таңдап, оның мазмұны мен идеясын терең талдаған. Оның айтуынша, кітап оқу – тек хобби емес, рухани байытатын маңызды құрал.
– Кітап – жан азығы, ой мен рухтың шамшырағы. Осындай байқауларды ұйымдастырып отырған Сұлтан Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы ұжымына алғысымды білдіремін. Жастар кітап оқудан алыстамай, керісінше көбейсе екен, – дейді ол.
Қазіргі таңда Нұрсұлу Оралхан Бөкейдің «Атау кере» шығармасын оқып жүр, бұл туындыны ол адам жанының терең иірімдерін ашатын шығарма деп бағалайды. Айта кетейік, оның үйінде кітапқа арналған арнайы бөлме бар, онда жеті-сегіз мыңға жуық кітап жиналған. Нұрсұлудың пікірінше, кітап оқыған адамның ой-өрісі кеңейіп, тіл байлығы артады, ал рухани тұрғыда дамыған жан кез келген қиындықтан жол таба алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды сыйлықтар – тек марапат қана емес, оқырманның рухани дамуына қосылған үлес. Алдағы уақытта демеушілер қолдау білдірсе, жобаны жалғастыру жоспарда бар.