Павлодар өңірі туристік ынтымақтастықты кеңейтуде
Бұл – өңірлердің туристік әлеуетін ілгерілетуді көздейтін бірегей бастама, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы KITF Travel Forum халықаралық туристік көрмесі аясында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою рәсімін өткізді.
Аталған құжаттар көршілес өңірлермен — Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Абай облыстарымен және басқа да аймақтармен жасалды. Сонымен қатар, Өзбекстан тарапымен туризм саласындағы өзара әріптестікті дамыту бойынша келіссөздер жүргізілді.
– Құжаттар туризм саласындағы серіктестікті дамытуға, инвестициялар тартуға, өңірлердің туристік әлеуетін ілгерілетуге, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған. Қол қойылған келісімдер тәжірибе алмасуды, туризм индустриясына заманауи шешімдерді енгізуді және халықаралық өзара іс-қимылды кеңейтуді көздейді, - делінген хабарламада.
Мамандардың пікірінше, мұндай келісімдер іскерлік байланыстарды нығайтып қана қоймай, өңірдегі туристік саланың тұрақты дамуына тың серпін береді.