Көк түтінге құмар павлодарлықтар айыппұл арқалады

Заң бұзғандар темекі шегуге арналған арнайы орындарды елемеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті мамандарының айтуынша, жыл басынан бері 300-ден астам темекі шегуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Полиция қызметкерлері көшелерде және қоғамдық орындарда, соның ішінде көңіл көтеру және ойын-сауық мекемелерінде, темекі өнімдерін пайдалану ережелерінің бұзылуына қатысты рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Темекі шегуге тыйым салынбаған, ол үшін арнайы орындар жетерлік, – дейді тәртіп сақшылары.
Мамандар темекі қалдығын қоқыс жәшігіне тастау қажеттілігін де ескертеді.
Тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін заңсыз сату фактілерін анықтау бойынша да шаралар жүргізуде. Биыл 21 жасқа толмаған азаматтарға темекі мен темекі өнімдерін сату бойынша 14 дерек анықталды.