Көп күттірген: Павлодарда ыстық су беру мерзімінің ұзап кетуі түсіндірілді

Көп күттірген: Павлодарда ыстық су беру мерзімінің ұзап кетуі түсіндірілді
Фото: автор

Кесте неге өзгерді және жылу желілерінің тозуы қандай деңгейде екеніне түсініктеме берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілші

Павлодарда жылу желілерінде гидравликалық сынақтар мен жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл билік ыстық судың берілу кестесін өзгертіп, әр үй үшін нақты күндерді емес, тек екі соңғы мерзімді көрсетті. Бұл шешімнің себебін, жөндеу барысын және жылу желілерінің жағдайын «Павлодар жылу желілері» ЖШС бас инженерінің орынбасары Павел Плетухов түсіндірді.

Бұрын павлодарлықтар ресми сайттан немесе әкімдіктің парақшасынан өз үйіне ыстық судың қашан берілетінін нақты біле алатын. Биыл бұл жүйе өзгерді.

– Тұрғындардан бірнеше мәрте шағым түсті: кестеде, мысалы, 5 немесе 15 күн деп көрсетілгенмен, іске қосу желілерде қайталама ақауларға байланысты кешігетін. Сондықтан әкімдікпен бірлесіп, біз  соңғы екі күнді ғана жариялау туралы шешім қабылдадық. Бұл күндерге дейін әрбір тұрғын үйге ыстық су міндетті түрде беріледі, – деді Павел Плетухов. 

Оңтүстік және солтүстік желілік аудан бойынша 25 және 28 тамыз ыстық суды берудің соңғы мерзімі болып белгіленді.

Биыл екінші, күзгі гидравликалық сынақтар қала оңтүстігінде 28 шілдеде басталып, өткен аптада аяқталды.

– Сынақтар норматив бойынша жүргізіледі: біріншісі – көктемде, жылыту маусымы аяқталған соң, екіншісі – жөндеу жұмыстары біткеннен кейін, беріктік пен тығыздыққа, – деп атап өтті маман.

Сынақ қорытындысы бойынша оңтүстік желілерде бірқатар зақым анықталды. Қазір оларды жоюға әкімдік тартқан шамамен 30 апаттық бригада жұмыс істеуде. Солтүстіктегі зақымдарды «Павлодар жылу желілері» бригадалары жөндеп жатыр.

– Оңтүстік аудан аумағы үлкен болғандықтан, алдымен барлық күш сол жаққа бағытталды. Жұмыс аяқталған соң қосымша бригадалар солтүстікке ауысады, – деді ол.

Павел Плетуховтың айтуынша, өткен жылдар тәжірибесіне сүйенсек, әлеуметтік нысандарға жылу қыркүйектің ортасында беріле бастайды, ал тұрғын үйлерде – айдың соңына қарай.

– Барлық жұмысты 10–15 қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл – жылыту маусымына кіруде кідіріс болмауы үшін жасалады, – деп атап өтті ол.

Павлодардағы жер үстімен тартылған жылу магистральдарының жалпы ұзындығы  – 85 шақырым. 

– Жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейін тозу деңгейінің пайыздық төмендеуін жөндеу бағдарламасы аяқталғаннан кейін ғана нақты айта аламыз. Әзірге ол жалғасып жатыр, сондықтан түпкілікті нәтиже туралы айту ерте, – деді Павел Плетухов. 

Сонымен қатар, Лесозаводтағы Ермаков көшесі бойындағы кейбір проблемалы учаскелер биылғы жұмыс жоспарына кірмеген. Бұл учаскелердің жылу оқшаулауын қалпына келтіру алдағы кезеңдерге жоспарланған.