Келер жылы Павлодарда 400-ден астам пәтер сатып алу жоспарлануда
Ол халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы азаматтарға жалға беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгін облыс әкімдігінде өңірдегі тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелері қаралды.
Ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келген ең өзекті мәселелердің бірі - мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу үшін кезекте тұрған өңір тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда облыстағы ЖАО-да 27 мыңнан астам адам кезекте тұр, олардың 90%-ы қалаларға тиесілі. Бұл ретте тұрғын үй құрылысының қарқыны жыл сайын кезекке тұратын адамдардың санынан едәуір артта қалуда.
Бұл мәселені шешу үшін билік мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана беру тұжырымдамасын қайта қарады. Кезекте тұрған жандар үшін пәтерлер тікелей құрылысты салушылардан сатып алынатын болады, бұл тұрғын үй алу мерзімін айтарлықтай қысқартады. Мәселен, Павлодар қаласында 2024 жылдың 1 тоқсанының соңына дейін халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы азаматтар үшін жалға берілетін 400-ден астам пәтер сатып алу жоспарлануда.
Биыл облыс орталығындағы «Сарыарқа» шағын ауданының құрылысы аяқталады. Мұнда ескі ағаш үйлердің орнына 3500 пәтерлі 42 көпқабатты тұрғын үй салынды. Жыл соңына дейін құрылысшылар шағын аудандағы соңғы 5 үйді (№28, 33, 39, 40, 41) тапсыруды жоспарлап отыр. Ол үйлерге «Алюминстрой» шағын ауданынан қоныс аударған 286 отбасы қоныстанатын болады. Ал, жаңа «Достық» шағын ауданында тұрғын үйлердің құрылысы жалғасуда. Қазіргі уақытта 1014 пәтерлі 8 үй бой көтеруде. Екібастұзда 180 пәтерлі 2 тұрғын үй, Ақсуда – 522 пәтерлі 5 үйдің құрылысы жүргізілуде.
Асайын Байханов құрылыс басқармасы мен қала әкімдіктеріне құрылыс жұмыстарының жоғары сапасын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, нысандарды кеш тапсыру және пәтерлерді меншік иелеріне беру рәсімінің ұзақтығы сияқты жүйелі мәселелерді пысықтауды тапсырды.
Өңір басшысы аудан әкімдерінің назарын тұрғын үймен қамтамасыз етудің әлеуметтік маңыздылығына бағдарлап, облыстың аудандарында, оның ішінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында тұрғын үй салу жобаларын қарастыруды тапсырды.
Бүгінгі таңда Ақтоғай, Железин, Ертіс, Успен аудандарында, сондай-ақ, Тереңкөл ауданында 24 пәтерлі он екі үйді салуға арналған жобалар бар. Бұл жобалар республикалық бюджет комиссиясының қарауына ұсынылды. Қолдау тапқан жағдайда, бұл ауылдық жерлерде кезекте тұрған 288 адамды тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.