Келер жылы Павлодарда бюджеттік ақша қалай бөлінбек?
Облыс орталығының бас қаржылық құжаты әлеуметтік сипатын сақтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Қанат Қапуов есеп берді.
- 2024 жылы кіріс 228,3 миллиард теңгені құрайды. Олардың басым бөлігі салықтық кірістерге тиесілі – 206,7 миллиард теңге немесе барлық көлемнің 91 проценті. Шығыстар 228,3 миллиард теңге болмақ. Бюджеттің шығыс бөлігін есептегенде халықтың депутаттар мен қала және ауыл әкімдеріне жолдаған өтініштері ескерілді, - деді Қанат Қапуов.
Шығыстардың біраз бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жолданады. Бұл іске барлығы 32,7 миллиард теңге, атап айтсақ, абаттандыру мен көгалдандыру – 7,7, жол – 6,7, аулаларды абаттандыру – 3,6, көшелерді жарықтандыру – 1,6 миллиард теңге жұмсалады.
Азаматтардың жекелей санаттары қоғамдық көлікте тегін жүре алады. Бұған миллиард теңге шамасында бөлінеді. Әлеуметтік маңызға ие маршруттар бойынша жол жүруді субсидиялауға 3,7 миллиард теңге бөлінеді.
Одан бөлек, азаматтардың жекелей санаттарын әлеуметтік қолдауға 1,7 миллиард теңге беріледі. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлбарам Біләлованің сөзіне қарағанда, бұл сома жылдан-жылға өсіп келеді. 2025 жылы осы бағытқа 1,8 миллиард теңге бөлінбек.
Фото: автор