Кеншілер шаһарында рұқсат етілмеген жерге қоқыс төккендер ұсталды
Ол «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласының көшелері мен маңайында заңсыз қоқыс үйінділерін жоюға бағытталған рейдтер өткізілуде. Профилактикалық іс-шараларды табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар ұйымдастырды.
— Қаланың тазалығы мен табиғатқа ұқыпты қарау — әрбір тұрғынның міндеті. Азаматтарды заң талаптарын бұзбауға және қалдықтарды тек арнайы белгіленген орындарға шығаруға шақырамыз, — деді Екібастұз қалалық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Медет Бейсенов.
Рейд барысында арнайы техниканы пайдалана отырып, белгіленбеген жерге көп көлемде қалдық төгу дерегі анықталып, жолы кесілді. Полиция қызметкерлері тиісті материалдарды жинап, заңнамаға сәйкес шара қолдану үшін экология департаментіне жолдады.