Кезек көп, маман аз: Павлодарда травматологтың қабылдауы кешке дейін созылды
Мәселенің мәнін денсаулық сақтау басқармасы түсіндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде Павлодар қаласындағы №4 емхананың травматолог дәрігеріне бір уақытта қырықтан астам адамның келгені туралы шағым жарияланды. Бейнені түсірген әйел аталмыш емханада маман тапшылығын тілге тиек етіп, дәрігердің небары екі сағат ішінде барлық емделушіні қабылдауы мүмкін емес екенін айтады. Әрі қабылдауға келгендердің арасында мүгедектер арбасында отырған, гипспен, таяқпен келген адамдар бар. Емханадағы келеңсіздік 27 шілде күні болған.
Осы оқиғаға қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді. Айтуларынша, аталған емханада қазіргі уақытта үш травматолог дәрігер қоса атқару тәртібімен жұмыс істейтінін жеткізді.
— Бекітілген кестеге сәйкес қоса атқарушы дәрігердің қабылдауы сағат 16:00-ден 18:00-ге дейін жоспарланған. Алайда іс жүзінде маман қабылдауды 15:30-да бастап, соңғы пациентке дейін 20:45-ке дейін жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында 36 пациент қабылданды. Оның ішінде 5 адам алдын ала жазылу бойынша, ал 31 адам шұғыл тәртіппен медициналық көмекке жүгінді, - делінген хабарламада.
Дәрігер кеңес берумен қатар, таңу жұмыстарын жүргізіп, гипс таңғыштарын салу және алу, тігістерді алу, сондай-ақ амбулаториялық травматологиялық басқа да ем-шараларды орындаған.
Қазіргі уақытта емханада үш травматолог дәрігер қоса атқару тәртібімен жұмыс істейді. Олар негізгі жұмысын аяқтағаннан кейін, сағат 16:00-ден бастап кезекшілікке шығып, соңғы жүгінген пациентке дейін қабылдау жүргізеді.
Басқармадағыдар кадр мәселесін шешу мақсатында биыл наурыз айында Семей қаласындағы медицина академиясының «Травматология» мамандығы бойынша екі түлегімен келісімшарт жасалғанын атап өтті. Олар жоспар бойынша тамыз–қыркүйек айларында жұмысқа кіріседі. Бұл шара травматологиялық қызметті күшейтіп, тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.