Хасар Хабылбеков қоғамдық көліктің жұмысын жолаушылармен бірге тексерді
Ол үшін шаһар басшысы қаланы қоғамдық көлікте аралап көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі аптап ыстық кезінде автобустардағы кондиционерлердің жұмысын тексеріп, салондарды аралап, жолаушылармен пікірлесті. Көпшілік жаңа автобустардың жайлылығына оң баға берген.
– Қоғамдық көлік паркін жаңарту – бұл тек жаңа автобустар мен толығу емес. Бұл – қала тұрғындары үшін әрбір сапардың жайлылығы, қауіпсіздігі және қызмет көрсету сапасының артуы, – деді Хасар Хабылбеков.
Сонымен қатар, тұрғындар әкімнің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына қоғамдық көліктің жұмысына қатысты ұсыныстарын қалдырып жатыр.
Пікірлердің басым бөлігі №1Э, 21, 40 және 17 бағыттарының қозғалыс сызбасын өзгертуге қатысты болды. Қала тұрғындары бұрынғы бағыттарды қайтаруды сұрап, өзгерістерден кейін жолға кететін уақыттың ұзарғанын, саяжайлар мен кейбір шағын аудандарға қатынаудың қиындағанын айтты. Сондай-ақ №31, 44 және басқа да бағыттарға қосымша автобустар шығаруды ұсынды.
Талқыланған негізгі мәселелердің бірі – кондиционерлердің жұмысы. Бірқатар тұрғындар заманауи автобустардың іске қосылғанына ризашылық білдірсе, енді бірі кейбір бағыттарда кондиционерлердің жұмыс істемейтінін немесе жүргізушілердің қоспайтынын жеткізді. Сонымен бірге салондағы температураны тым төмен деп санайтын жолаушылар да болды.
Хасар Хабылбеков тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне аталған мәселені тасымалдаушымен бірлесіп пысықтау қажеттігін тапсырды.
Тұрғындар қоғамдық көліктің техникалық жай-күйіне қатысты да ұсыныстарын айтты. Олар №1Э, 31 және 40 бағыттарындағы автобустарды жаңартуды, сондай-ақ жаз мезгілінде кондиционермен жабдықталмаған ескі трамвайларды ауыстыруды сұрады. Кейбір автобустарды жөндеу қажеттігі де көтерілді.
Сонымен қатар, павлодарлықтардың басым бөлігі қоғамдық көліктің қазіргі жұмысына оң бағасын берді. Олар автобус паркінің жаңаруын, мобильді қосымшаның қолайлылығын, маршруттарды онлайн бақылау мүмкіндігін, жолдардың жақсарғанын және сапарлардың жайлы бола түскенін атап өтті. Көпшілік жүргізушілер мен қалалық қызметтердің еңбегіне алғыс білдірді.
Қала тұрғындары қоғамдық көлік жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты да ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, автобустар мен трамвайлардың қозғалыс кестесі көрсетілетін мобильді қосымшаны жетілдіру, аялдамалардағы ақпаратты жаңарту, сұраныс жоғары бағыттарда көлік санын көбейту және жолаушылардың өтініштеріне тасымалдаушылардың жедел әрекет етуі қажеттігі айтылды.

Еске салсақ, жыл басында Павлодарға Skywell маркалы жаңа электробустар жеткізілді. Олар 90 жолаушыға арналған, заманауи жабдықталған және бір қуаттау арқылы 350 шақырымға дейін жүре алатындығымен ерекше.
Бұдан бөлоек, 20 электробус №21 және 66А бағыттарына шығарылды. Қала билігінің мәліметінше, қоғамдық көлікті жаңарту – автопаркті жаңғыртудың кезекті кезеңі. Алдағы уақытта №53 бағытындағы автобустар да жаңартылып, қозғалыс аралығын қысқарту үшін көліктер қайта бөлінетін болады.
Жылжымалы құрамды жаңарту жолаушылар тасымалының сапасын арттырып, Павлодардағы экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.