Хостел, намазхана, кофехана: Екібастұз сапаржайы қалай өзгереді?

Хостел, намазхана, кофехана: Екібастұз сапаржайы қалай өзгереді?
Фото: Әсия Серікова

Нысанды мерзімінен бұрын тапсыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұзға жасаған кезекті жұмыс сапарын сапаржайдан бастады. 

«Павлодар Рем Комплекс» ЖШС бас директоры Марина Киеваның айтуынша, бүгінгі таңда екі жылу торабы іске қосылған, дегенмен әзірге тіркелмеген. Жоба әзірлену сатысында. Сыртқы қасбет жұмыстарын қараша айының соңында толығымен аяқтау жоспарланып отыр. 

Ғимаратта жылу бар. Далада ауа райы жылы болған соң толық қуатына қосылған жоқ. Жарықтандыру үшбұрышты стильде жасалды, қауіпсіздік жағы қарастырылған. Қонақ үй, үш хостел бөлмесі, барлық талаптарға сай ана мен бала бөлмесі, кофехана, намазхана болады, – деді Марина Киева. 

Сонымен қатар, санитарлық торапты жасағанда мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы да ескерілген. Дәмханаға сырттан кіретін жолға асфальт төселеді. Жоспар бойынша нысан наурыз айында іске қосылуы тиіс, алайда мерзімінен бұрын тапсыру жоспарланып отыр. 

Электр желілері тартылған. Ендігі кезекте жеделсатыны істеу қалды. Сыртқы қасбетіне қажет материалды жеткізу сәл кешіктіріліп жатыр, – деді Марина Киева.

«Павлодарвокзалсервис» ЖШС директоры Дастан Махметовтың сөзінше, Екібастұз қаласы әкімдігімен бірге жалға алушылар бойынша жұмыс жүргізілген, нысанды қолданысқа бергеннен кейін бос орындар қалмайды. 

–  Осылайша облыста екі сапаржай жаңартылған. Ендігі кезекте сыртқы қасбет жұмыстарын пысықтау қажет, –  деп тапсырды Асайын Байханов. 

Еске сала кетейік, Екібастұз вокзалы 1988 жылы салынған. Бүгінде аталмыш ғимарат 2,4 мың гектар жерді алып жатыр. Сол кезден бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. «KAZ Minerals» мыс өндіруші компаниясы 960 миллион теңгелік жобаға демеушілік етеді.