Конгода су тасқынынан 176 адам қаза болды
Конго Демократиялық Республикасының шығысында орналасқан Оңтүстік Киву провинциясында су басу салдарынан қаза болғандар саны 176 адамға жетті. Бұл туралы провинция губернаторы Тео Нгвабидже Каси мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы-ға сілтеме жасап.
Бушушу және Ньямукуби ауылдарында түні бойы нөсер жауын жауып, Чибира өзені арнасынан тасыған. Аумақ тұрғындарының дені із-түзсіз жоғалғандар тізімінде тұр. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Бұған дейін апаттан 72 адам мерт болғаны туралы жазылған еді.
Тропикалық климат белдеуінде орналасқан Конго Демократиялық Республикасында жаңбыр маусымы кезінде қайғылы жағдайлар жиі болады.