Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталды
Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарлары А.Садықұловқа, Д.Ерғожинге, М.Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкімін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іс сотта «аса құпия» белгісімен қаралды.
Астана қалалық сотының ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, К.Мәсімов пен А.Садықұловқа мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, Д.Ерғожинге билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, М.Осиповке билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану айыбы тағылған.
Еске салайық, ҰҚК-нің экс-басшысы Кәрім Мәсімовке қаңтар оқиғасы бойынша айып тағылған болатын. Бас прокурор Берік Асылов атап өткендей, тәртіпсіздіктер кезінде Мәсімовтің тапсырмасы бойынша ҰҚК департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткен.
Тергеу «аса құпия» белгісімен жүргізілді.