Мәжіліс депутаты Ұлттық ұланның павлодарлық әскери бөлімінде болды

Мәжіліс депутаты Ұлттық ұланның павлодарлық әскери бөлімінде болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол жеке құраммен ашық диалог өткізіп, әскери қызметшілердің ұсыныстарын тыңдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, 6679 әскери бөліміне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев жұмыс сапарымен келді. Сапар мақсаты – әскери бөлімнің қызметімен, мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың тұрмысымен және күнделікті жағдайымен танысу.

Халық қалаулысы бөлімнің инфрақұрылымын, оқу-жаттығу нысандарын, әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайын және күнделікті қызметті ұйымдастыру барысын қарап шықты. Әсіресе казармалар мен асхананың санитарлық жағдайына және тамақ сапасына ерекше назар аударылды.

Кездесудің негізгі бөлігі – жеке құраммен ашық диалог болды. Әскери қызметшілер оқу базасын жаңғырту, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту және қазіргі талаптарға сай кадр дайындау мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты.

Жигули Дайрабаев сарбаздардың пікірінің маңыздылығын атап өтіп, ел қауіпсіздігі мен тұрақтылығы тікелей армияның жауынгерлік дайындығына байланысты екенін айтты.

– Біздің әскер әрдайым күшті болып, Отанымызды қорғауға дайын тұруы тиіс. Әскери қызметшілерді патриоттық рухта тәрбиелеу қажет. Сондықтан мен барша Ұлттық ұлан жауынгерлеріне сарқылмас қуат, мықты рух пен қайтпас мінез тілеймін. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз – еліміздің қауіпсіздігі мен қорғанысының кепілі, – деді депутат сарбаздарға арнаған сөзінде.

Кездесу соңында Жигули Дайрабаев әскери бөлім қызметкерлеріне алғыс айтып, Ұлттық ұлан ұжымымен естелік суретке түсті.

Фотосуретті «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ұсынды