Мәжілісте Жасыбай көлі аймағына қатысты экологиялық бастама көтерілді
Онда Баянауылда ағынды суларды тазарту жобасын іске қосу ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа сауал жолдаған депутат Нұржан Әшімбетов осындай ұсыныс білдірді.
Оның айтуынша, ағынды суларды тазарту және қайта пайдалану технологиялары әлемде кеңінен қолданылғанымен, Қазақстанда бұл бағыттағы даму жеткіліксіз. Қабылданған Су кодексінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың суды қайта пайдалануына қатысты міндетті нормалар енгізілген. Сонымен қатар, 2027 жылдан бастап қайта су пайдалану жоспарынсыз су пайдалану рұқсаттамасы берілмейді.
Депутат пилоттық жобаны Павлодар облысындағы Жасыбай көлі демалыс аймағында жүзеге асыруды ұсынды.
— Бүгінде 100-ден астам туризм субъектілері ағынды суларды ағызу құдықтарына жинайды. Содан кейін олар қауіпті тау беткейлері арқылы аудан орталығынан 30 шақырымнан астам тыс орналасқан полигон аумағына шығарылады. Ондаған мамандандырылған көліктердің қозғалысы жол қауіпсіздігіне әсер етеді, — деді депутат.
Нұржан Әшімбетовтің пікірінше, бұл бизнес шығындарын да арттырады. Соның салдарынан қызмет құны өсіп, демалушыларға салмақ түседі. Кейбір кәсіпкерлер шығынды азайту мақсатында экологиялық талаптарды сақтамауы мүмкін, бұл өз кезегінде табиғатқа зиян келтіреді.
— Жобаны іске асыру жағдайында тазартылған суларды өндірістік және шаруашылық қажеттіліктер, оның ішінде әсіресе жазғы кезеңде қажет болатын жасыл желектерді суару үшін пайдалануға болады, — деді ол.
Осыған байланысты депутат тиісті министрліктер мен әкімдіктерге суды үнемдеу шаралары бойынша жол карталарын әзірлеуді, Павлодар облысы әкімдігіне Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, 2026 жылы Жасыбай туристік аймағында ағынды суларды тазарту пилоттық жобасын іске асыруды ұсынды.