Мамырдан кейін ҰБТ-да бейіндік пәндерді өзгертуге болмайды
2026 жылы берілген ҰБТ сертификаты 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысты сауалдарға жауап берді.
Оның айтуынша, талапкерлер өтініш қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін жеке кабинет арқылы бейіндік пәндерді өзгерте алады. Алайда бұл мүмкіндік барлық кезеңде бірдей қарастырылмаған.
— Қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы ҰБТ кезінде талапкерлер бейіндік пәндерін өзгерте алады. Ал мамыр-шілде айларындағы негізгі ҰБТ тапсыру барысында бірінші мүмкіндіктен кейін бейіндік пәндерді өзгертуге болмайды. Мысалы, талапкер алғашқы мүмкіндікте математика-информатика комбинациясын таңдаса, екінші мүмкіндікте оны өзгерте алмайды. Ал қаңтарда химия-биология комбинациясымен тапсырып, наурызда математика-информатика пәндерін таңдауға болады, — деді ол.
Сондай-ақ спикер ҰБТ сертификатының жарамдылық мерзіміне тоқталды.
— 2026 жылы берілген ҰБТ сертификаты 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды, яғни сертификат тест тапсырылған жылдың соңына дейін ғана қолданылады, — деп нақтылады Наужан Дидарбекова.
Бұдан бөлек, қаңтар немесе наурыз айларындағы ҰБТ-да шекті балл жинай алмаған талапкерлердің негізгі тестілеуге қатысуына бұл жағдай әсер етпейтіні айтылды.
— Әрбір ҰБТ-ға тіркелу жеке жүргізіледі. Қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз айларындағы тестілеулердің нәтижелері бір-біріне әсер етпейді. Әр тестілеу қорытындысы бойынша жеке сертификат беріледі, — деді ведомство өкілі.
Айта кетелік, 2026 жылғы қаңтар ҰБТ-сын 184 мыңға жуық адам өтті. Талапкерлердің 75%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде және 113 адам ағылшын тілінде тапсырған.