Май ауданында балық аулау ережесін бұзған тұрғын жазаланды
Ауыл тұрғынынан резеңке қайық, балық аулау торлары және басқа да балық аулау құралдары тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Көктөбе ауылының Белая өзені бойында патрульдеу кезінде жалпы салмағы шамамен 8 келі тартатын әртүрлі тұқымды балықтар аулаған 62 жастағы ер адамды ұстаған.
– Тыйым салынған мерзімдерде тыйым салынған құралдармен немесе тәсілдермен балық аулау ережелерін бұзғаны үшін құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК 383-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, – деді Май ауданының полиция бөлімінде.
Естеріңізге сала кетейік, 15 сәуір - 30 мамыр аралығында Павлодар облысында дала және тұщы су айдындарында, Ертіс өзенінде жайылмалы су айдындарында балық аулаудың барлық түрлеріне тыйым салынды.